Онлайн казино ұйымдастырғандар құрықталды
Ақтөбеде онлайн казино ұйымдастырғандар 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тергеу нәтижесінде олардың заңсыз ойын бизнесін жүйелі түрде жүргізіп келгені анықталған. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ұйымдасқан топ мүшелері интернет арқылы адамдарды онлайн платформада тіркеп, әрқайсына жеке логин, пароль және ойынға кіруге арналған сілтеме беріп отырған. Заңсыз казиноның табысы күніне 200 мың теңгеге дейін жеткен. Айта кетейік, күдіктілердің бірі 2020 жылы дәл осындай қылмысы үшін сотталған екен. Ал бұл жолы сот шешімімен тоғыз адамға 2 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған үш автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленді.